Еңбек құқығы

Еңбек құқығы (ағыл. labour law) - жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында туындайтын еңбек қатынастарын реттейтін құқық саласы.

Еңбек құқығы:

  • жұмыскер мен қызметкердің тікелей еңбек ету жағдайы бойынша жұмыс беруші атынан әрекет ететін әкімшілікпен қатынасын реттейді;
  • өндірісті басқаруға жұмыскердің қатысу, еңбек жағдайын тағайындау мен қолдану жағдайы бойынша әкімшіліктің еңбек ұжымымен қатынасы;
  • еңбек дауларын қарастыру бойынша қатынастар;
  • еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және бірқатар басқалары бойынша қатынастар.[1]

Еңбек құқығы — меншіктің түріне, шаруашылықты жүргізудің ұйымдық-құқықтық пішіміне қарамастан, кәсіпорын (мекеме, ұйым) қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру саласындағы қарым-қатынастарды реттеп, олардың әлеум. құқыларын қорғайтын нормалар жиынтығы. Е. қ-ның арқауы қоғамдық еңбек қатынастары болып табылады, ал бұл қатынастар қоғамдық пішімдегі еңбек процесінде міндеттілік сипат иеленеді. Мұнда еңбекті пайдалану, оның шарттары мен ұйымдастырылуы құқықтық реттеудің негізгі мазмұнына айналады. Е. қ-ның әдісі дегеніміз еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің амалдары мен тәсілдерінің жиынтығы; ол, негізінен, еңбектің құқықтық қатынастарын белгілеудің келісімшарттық тәртібін; өндіріс процесінде қызметкердің жұмыс берушіге бағыныштылығын ескере отырып, екі жақтың теңдігін орнатуды; еңбекті ұйымдастырудың айрықша режимін; еңбекті пайдаланудың шарттары мен ұйымдастырылуын орталықтан нормалауды және жергілікті жерде ретке келтіруді; еңбек қарым-қатынастарын құқықтық реттеудің бірлігі мен жіктелуін; Е. қ-ның ажыратылмайтын, рұқсат етілетін және ұсынылатын жосындарын іске қосудың ерекше тәсілдерін; еңбектік-құқықтық қарым-қатынасқа қатысушы тараптардың құқылары мен заңды мүдделерін қорғаудың арнаулы процессуалдық пішімдерін, сондай-ақ, санкция қолдану реттерін қамтиды. Е. қ-ның жүйесінде қоғамдық еңбекті ұйымдастырудың барлық құрамдас бөліктеріне қатысты нормалар бар. Олар жиынтық түрінде Е. қ-ның жалпы бөлімін құрайды. Оған құқықтың осы саласының арқауы, әдістері мен жүйесі, оның бастаулары, сондай-ақ, Е. қ. ғылымының пәні мен методологиясы кіреді. Азаматтардың еңбегін пайдалану жөніндегі қоғамдық қарым-қатынастардың жекелеген топтарын реттейтін құқықтық нормалар Е. қ-ның ерекше бөлімін құрайды. Соған сәйкес Е. қ-ның жүйесінде құқықтық ин-ттар, яғни қоғамдық еңбек қатынастарының құрамдас бөлігін арқау ететін құқықтық нормалар жиынтығы ерекшеленеді. Ерекше бөлім Е. қ-ның мынадай негізгі ин-тарын: жұмыспен қамтуды және жұмысқа орналастыруды, ұжымдық келісімшарттар мен келісімдерді, еңбек келісімшартын, жұмыс мезгілі мен демалыс уақытын, еңбекақыны, еңбек тәртібін, келісімшарт жасаушы тараптардың материалдық жауапкершілігін, еңбекті қорғауды, қызметкерлердің кәсіби білігін көтеруді, еңбек дауларын қамтиды.

Еңбек шарты - жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім. Осы шартқа сәйкес, жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек қатынастары туындайды.

Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі – бұл жұмыс орнындағы (яғни кәсіптің міндеттерін орындау кезінде) адамдардың қауіпсіздігіне, денсаулығына және әл-ауқатына қатысты пәнаралық сала. Еңбек денсаулығы еңбек медицинасы және еңбек гигиенасы салаларымен байланысты және жұмыс орнында денсаулықты нығайтуға бағытталған. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау сонымен қатар жұмыс ортасындағы кәсіптік факторлар әсерінен зардап шеккен бүкіл халықты қорғайды[2].

Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми бағалауы бойынша жыл сайын 2 миллионға жуық адам кәсіптік қауіптің әсерінен қайтыс болады[3]. Дүние жүзінде жыл сайын 2,78 миллионнан астам адам өндірістегі жазатайым оқиғалардың немесе аурулардың салдарынан қаза болады, бұл әрбір он бес секунд сайын бір өлімге тең. Жыл сайын қосымша 374 миллион адам өліміне әкелмейтін өндірістік жарақат алады. Өндірістік жарақаттар мен өлімнің экономикалық ауыртпалығы жыл сайын дүниежүзілік жалпы ішкі өнімнің төрт пайызға жуығын құрайды. Бұл апаттың адам шығыны орасан зор[4].

Жұмыс орнындағы қауіптер

Жұмыс орнындағы қауіптердің кең ауқымы жұмыстағы адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Оларға химиялық заттар, биологиялық агенттер, физикалық факторлар, нашар эргономикалық жағдайлар, аллергендер және психоәлеуметтік қауіп факторларының кең ауқымы жатады, бірақ олармен шектелмейді[5]. Жеке қорғаныс құралдары осы қауіптердің көпшілігінен қорғауға көмектеседі[6]. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық еңбек ұйымы жүргізген маңызды зерттеулер нәтижесінде ұзақ жұмыс уақыты аурудың ең жоғары ауыртпалығы бар кәсіптік қауіп факторы болып табылатынын және 2016 жылы жүректің ишемиялық ауруы мен инсульттан шамамен 745000-ға жуық адам қайтыс болғандығын анықтады[7]. Бұл шамадан тыс жұмысты бүкіл әлем бойынша кәсіптік аурулардың жетекші қауіп факторына айналдырады[8].

Физикалық қауіптер жұмыс орнындағы көптеген адамдарға әсер етеді. Кәсіби есту қабілетінің жоғалуы Америка Құрама Штаттарындағы ең көп тараған жұмысқа байланысты жарақат болып табылады, 22 миллион қызметкер жұмыс барысында қауіпті деңгейдегі шудың әсеріне ұшырайды және жұмысшылардың есту қабілетінің жоғалуына байланысты өтемақы төлеуге жыл сайын шамамен 242 миллион доллар жұмсалынады. Машиналардың қозғалатын бөліктері, өткір жиектері, ыстық беттері және қауіпті еңбек жағдайларында жаншып кетуі, күйдіруі, кесу, соғуы немесе басқа жолмен жұмысшыларды жарақаттауы мүмкін басқа да қауіптері бар[9].

Дереккөздер