Гари Линекер

Гари Уинстон Линекер (ағылш. Gary Winston Lineker; 30 қараша 1960 жыл, Лестер, Англия) — ағылшын футболшысы, Англия Ұлттық футбол құрамасының шабуыл шебінде ойнаған.

Гари Линекер Футбол
сурет
Жалпы мағлұмат
Толық аты

Гари Уинстон Линекер

Туған күні

30 қараша 1960 (1960-11-30) (63 жас)

Туған жері

Лестер, Англия

Азаматтығы

Англия Англия

Бойы

177

Позиция

шабуылшы

Клуб жайлы ақпарат
Клуб

карьерасын аяқтады

Жастар клубы
Англия Лестер Сити
Клуб карьерасы[* 1]
1978—1985Англия Лестер Сити194 (95)
1985—1986Англия Эвертон41 (30)
1986—1989Испания Барселона99 (43)
1989—1992Англия Тоттенхэм Хотспур105 (67)
1992—1994Жапония Нагоя Грампус Эйт23 (9)
1978—1994Барлығы462 (244)
Ұлттық құрамы[* 2]
1984—1992Англия Англия80 (48)
1984Англия Англия (B)1 (0)

Карьерасы

Клубтық карьерасын "Лестер Сити" клубында бастаған. Клубта алты маусымдай ойнап, 95 гол енгізді. 1985 жылы "Эвертонға" ауысты да, бір жылдай ойнап, "Барселонаға" шақыртылды. "Барселона" сапында үш жыл өнер көрсетіп, Англияға оралды да, "Тоттенхэм Хотспурға" ауысты.

Линекер екі әлем чемпионатына қатысты. 1986 жылғы әлем чемпионатында 6 гол соғып, турнирдің сұрмергені атанды. Бұл біріншілік ағылшындар үшін сәтті бастала қоймады, алғашқы матчта Португалиядан 0:1 есебімен ұтылып қалды. Келесі турда чемпионат аутсайдерлерінің бірі деп саналған Мароккомен тең түсті. Тек соңғы турда ғана Польшаны 3:0 есебімен ойсырата ұтып, 1/8 финалға өтті. Осы матчта Линекер хет-трик жасады. 1/8 финалда ағылшындар Парагваймен кездесіп, бұл ойында да 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл кездесуде Линекер екі гол соқты. Ширек финалда Англия құрамасы Аргентинамен ойнап, 2:1 есебімен ұтылып қалды. Айта кету керек, бұл ойында аргентиналық Марадонаның қолмен соққан голы есептеліп кеткен-ді. Марадона дубль жасады да, матч соңына таман Линекер бір доппен жауап берді.

1988 жылғы Еуропа чемпионатына Линекер жарақаттың кесірінен бара алмады. Есесіне, 1990 жылғы әлем чемпионатында қайта өз биігіне көтерілді, рас, 1986 жылғыдай алты гол соға алмады, есесіне 4 гол соғып, құрама 1966 жылдан бері бірінші рет жартылай финалға жетті. Линекер топтық турнирде Ирландияның қақпасына бір гол енгізді, ал ширек финалда Камерунның қақпасына екі рет пенальтиден гол соқты. Жартылай финалда ГФР құрамасының қақпасына бір гол соғып, ағылшындарды жеңілістен құтқарғанымен, пенальтилер сериясында ГФР құрамасының мерейі үстем болды.

1992 жылғы Еуропа чемпионатына Линекер капитан ретінде барды. Гол соққан жоқ, тек үшінші турда Швециямен ойында нәтижелі пас қана бере алды. Англия топтан шыға алмады да, жасы 32-ге келген Линекер құрамамен қош айтысты. Чемпионаттан соң Жапонияның "Нагоя Грампус Эйт" клубына ауысты да, екі жылдан соң футболшылық карьерасын толық аяқтады.

Жетістіктері

  • Англияның күміс жүлдегері: 1986
  • Испания кубогы: 1988
  • Кубок иелерінің кубогы: 1989
  • Англия кубогы: 1991

Басқа да фактілер

  • Кейін комментаторлықпен айналысты. Линекер айтқан "Футболды 22 адам ойнайды, бірақ соңында немістер жеңіске жетеді" деген әңгімесі қазір қанатты сөзге айналып кеті.
  • Карьерасында 600-ден аса матчта ойнап, ешқашан сары қағаз да, қызыл қағаз да алмаған екен.

Сілтемелер